
Мектепке дейінгі ұйым педагогтері ЕҰУ-де кәсіби қайта даярлау курсынан табысты өтті

Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институты ұйымдастырған «Мектепке дейінгі ұйым педагогтарының кәсіби қайта даярлығы» курсы өтті. Курсты Л ЕҰУ профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова онлайн және офлайн форматта өткізді. Курстың жалпы ұзақтығы 108 сағатты құрады және 4 модульден тұрды.
Курс барысында шолу дәрістері, диалог-дәрістер, семинарлар, мультимедиялық презентациялар, бейнематериалдар, пікірталастар, балабақшаларға бару арқылы тәжірибе алмасу, пәндік-дамытушы ортаны және оқу қызметін ұйымдастыруды бақылау, шеберлік сыныптары, сондай-ақ тыңдаушылардың өзіндік жұмыстары өткізілді.
Тыңдаушыларға мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіндегі жаңа өзгерістерге талдау жасалып, нақты бағыт-бағдар берілді.
Оқу барысында оқытушы мен тыңдаушылар Астана қаласындағы №95 «Алматы» балабақшасына барып, пәндік-дамытушы орта, оқу қызметін ұйымдастыру, балалармен қарым-қатынас, олардың дербес іс-әрекеті, тақырып таңдау, ойын бұрыштарын жабдықтау, ата-аналармен жұмыс бойынша көптеген көрнекі әрі мазмұнды ақпарат алды.
Курс қорытындысы бойынша тыңдаушылар - Данира Қадырбекова, Индира Еркебаева, Гүлшат Касенова, Жанара Баймұханова, Замира Жексенова, Сандуғаш Төлебай, Гүлнұр Сүлейменова зор ризашылықтарын білдірді.
Олар әрбір сабақта жоғары жауапкершілік пен ізгі ниеттің сезілгенін атап өтіп, педагогтың жоғары адами қасиеттері мен кәсіби шеберлігін, тыңдаушыларға деген сүйіспеншілігін, сабырлылығын және әр тыңдаушыға жеке көңіл бөле білу қабілетін жоғары бағалады.
Сондай-ақ, зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.
