
Шынайы алғыс



Еуразия ұлттық университеті, Үздіксіз білім беру институтының «Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерін кәсіби қайта даярлау» 108 сағаттық курсына қатысу барысында кәсіби құзыреттілігімізді арттыруға бағытталған құнды теориялық білімді толықтырумен қатар кәсіби тәжірибелік құзыреттілігімізді жетілдіруге мүмкіндік алдық. Курстың оқу бағдарламасы заманауи талаптарға сай әзірленіп, педагогикалық үдерістегі өзекті, әрі тікелей қазіргі кезеңдегі өзгерістер мен оны нақты тәжірибеде пайдаланудың тиімді әдіс-тәсілдері көрсетілді. Инновациялық технологиялардың 40-тан астам түрлерімен танысып оны кәсіби дамуда қалай қолданудың жолдары көрсетіліп, түсіндірілді.
Оқу процесін жоғары деңгейде ұйымдастырған оқытушының кәсіби шеберлігі, ақпаратты түсінікті, ғылыми негізде және жүйелі түрде жеткізуі, әрбір қатысушыға жеке қолдау көрсетуі біліміміздің тереңдеуіне зор ықпал етті. Курс барысында шолу дәрістер, диалог-дәрістер, семинарлар, мультимедиялық презентациялар, бейне жазбалар, пікірталас, балабақшаларға барып заттық дамытушы ортаны және оқу іс-әрекетін ұйымдастыруды көріп тәжірибе бөлісу, шеберлік сабақтары, тыңдаушылардың өздік жұмыстары арқылы байланыс орнатылды.
Курс барысында шығармашылық тапсырмалар, тәжірибелік зерттеулер, озық тәжірибені тарату, әдістемелік құрал әзірлеу, сондай-ақ аттестаттауға даярлану талаптары жөніндегі сабақтар өткізіліп, кәсіби тәжірибе алмасуға кең мүмкіндік жасалды. «Қарлығаш», «Ақбота» балабақшалары тәжірибелері бейнежазбалар арқылы көрсетілді. №95 «Алматы» балабақшасының базасында ұйымдастырылған тәжірибелік бөлім педагогтердің жұмысын іс-жүзінде бақылауға, жаңа әдістерді қолдануға және кәсіби көзқарасымызды кеңейтуге жол ашты. «Әр сабақ менің жүрегімнен ерекше орын алды десем артық айтқандығым болмас», «Сіз сияқты ұстаздан білім алған біз өте бақыттымыз!», «Сіз бізді білімділігіңізбен, байсалдығыңызбен, мейірімділігіңізбен бірден баурап алдыңыз,»- деп әріптестер күн сайын өздерінің жүрекжарды тілектерін білдіріп отырды. Жалпы алғанда, қазан айындағы қайта даярлау курсына қатысқан тәрбиешілер үшін бұл оқу кезеңі өте тиімді, мазмұнды және нәтижелі болды. Алынған білім мен тәжірибе алдағы кәсіби қызметімізді жоғары деңгейде атқаруға зор септігін тигізетініне сенімдіміз. ЕҰУ-нің профессор, п.ғ.к Фатима Ниязбекқызына көрсеткен сапалы еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қайта даярлау курсының тыңдаушылары үшін курстың мазмұны заманауи талаптарға сай құрылып, білімімізді кеңейтіп, тәжірибемізді байытты. Ұйымдастыру деңгейінің жоғары болуы, оқытушылар құрамының кәсібилігі мен ықыласы бізге үлкен әсер қалдырды. Университет тарапынан жасалған жағдайлар мен қолдаулар үшін ерекше ризашылығымызды білдіреміз. Сіздерге шығармашылық табыс, жаңа жетістіктер мен игі бастамалар тілейміз! ЕҰУ - еліміздің білім мен ғылым ордасы ретінде өз биігінен көріне берсін!
Қазан айындағы курс тыңдаушыларының атынан алғысымызды білдіреміз!!!
