Қазақ тілі курсы

2022 жылғы 18 сәуірде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен Филология факультетінің практикалық қазақ тілі кафедрасы Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында  «Күміс университеті» аясында  зейнет жасындағы адамдарға арналған қазақ тілін оқыту курсын бастады. Курс мақсаты — аға буынның шығармашылық белсенділігін, танымдық қызығушылығын, күнделікті қарым-қатынас тақырыптарының шегінде қазақ тілінде қарым-қатынас жасау қабілетін дамыту.

Курсқа 20 адам қатысуда. Сабақты кафедра меңгерушісі, профессор Құлманов Қуандық Сәндібекұлы жүргізеді. Бірінші сабақта білім алушыларға курстың мақсаты, міндеттері, мазмұны және күтілетін нәтижелері туралы ақпарат берілді. Курсқа қатысушылардың сабаққа деген ынталары зор.

12  апта ішінде курсқа қатысушылар адамның сыртқы қарым-қатынасына байланысты 12 тақырыпты қамтитын лексика-грамматикалық материалды, 15 грамматикалық құрылымды,  жиілілік негізінде алынған 450 сөз бен 100 сөз орамын меңгереді. Курстың басты ерекшеліктері: ықшамдылық, бейнелілік, комбинаторлылық; интерактивтілік; тіл кедергісінен жылдам өту.

Курстың соңында курс тыңдаушыларына сертификаттар беріледі.