«Қазақ тілін ән арқылы үйрендік»

Л.Н.Гумилев атындағы атындағы Еуразия ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтымен егде жастағы адамдарға арналған  Күміс университеті аясында  ұйымдастырылған  «Қазақ тілін ән арқылы үйренеміз» тегін курсы тәмамланды. Курс бағдарламасы Филология факультеті қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушыларымен дайындалды. Сабақты филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Бекжан Әбдуәлиұлы жүргізді.

Бүгін аталған курс туралы қатысушылардың пікірін білдіргіміз келеді.

Ең бірінші осы курсты ұйымдастырушыларға, ЕҰУ Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтына, оқытушыларға  үлкен алғысымызды білдіреміз. Курс барысында өзіміз үшін аса маңызды рухани құндылықтармен таныстық. Қазақ әндерінің терең мағынасын түсіндік, ән мен сөздің арасындағы үйлесім туралы да мол ақпарат алдық. Курста тек әнмен ғана шектелмей, қазақ тіліндегі кісі есімдері мен жер-су атауларына да тоқталдық. Атап айтқанда қазақ халқының балаға ат қою, жер-суға атау беру шеберлігі туралы мол мағлұмат алдық. Тарихи тұлғалар есімдерінің маңызы, ат қою мәдениеті және аты-жөніміздің құжаттарда дұрыс жазылуы да сабақ барысында қамтылды. Балаға, анаға, жарға, Отанға деген махаббаттың сырлары ән тілімен түсіндірілді. Туған жердің сұлу табиғаты, оның атауы, туған жер арасындағы байланыс туралы сабақтар бізге Отанды сүю туралы тамаша сезімдер қалдырды.

Алдағы уақытта осындай курстардың тағы да болуын қалаймыз, өйткені туған ел мен жерді сүю Қазақстан қоғамы үшін аса маңызды деп ойлаймыз. Сабақ жүргізген ұстазымыз Бекжан Әбдуәлиұлына тамаша сабақтары үшін алғыс білдіріп, алдағы шығармашылығында сәттілік тілейміз.

«Қазақ тілін ән арқылы үйренеміз» курсының тындаушылары